Сал ауруының ауыр түріне шалдыққан павлодарлыққа көмек қажет
Анастасия Шефнердің айтуынша Данил кішкентай күнінде алған кезекті екпеден соң осылай сал болып қалған. Данилдың қозғалыссыз жатқанына 9 жыл. Өздігінен отырып, тұра алмайтын, тіпті тамағын да іше алмайтын баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әйел жақында ұлы үшін маңызды құрылғының сынып қалғанын айтады.
- Қазір бізге электр сорғы аппараты керек. Ол 280 мың теңге тұрады. Бұған дейін берген дәл осындай аппарат сынып қалды. Ол екінші рет тегін қарастырылмаған. Тамақ ішкен соң үнемі осы құрылғымен өңешін тазартып отыру керек, - дейді Данил Шефнердің анасы Анастасия Шефнер.
Бұған дейін 3 емхана берген электр сорғы істен шыққан. Бірнеше жыл пайдаланғандықтан ол іске жарамсыз болып қалған. Егер жедел түрде жаңасын алмаса Данилдің тыныс жолдары бітеліп, соңы өкпе қабынуына әкелуі мүмкін деп қорқады анасы.
- Мен осы пәтерді жалдап тұрамын. Тек баланың мүгедектік үшін алатын жәрдемақысына күн көріп отырмын. Жаңа аппаратты сатып алатын мүмкіндігім жоқ. Ол тұншығып жатқанда қарап отыра алмаймын ғой, - деді анасы.
Егер отбасыға көмек қолын созамын деушілерге 8 777 864 34 55 телефон номері арқылы хабарласуға болады.
Авторы: Бибінұр Хамитқызы