• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар облысында қараусыз қалған балалар ауруханаға жатқызылды

Павлодар облысында қараусыз қалған балалар ауруханаға жатқызылды

Олардың тамақ жемегеніне біраз болған, кейбірінің сүйектері ішіне кіріп кеткен. Бұл жағдай әлеуметтік желіде жария болған соң бүлдіршіндер бірден ауруханаға жатқызылды. Ақ халаттылардың айтуынша барлығының өкпесі қабынған. Сонымен бірге бұл балаларға назар аудармаған дәрігерлерге қатысты қызметтік тексеріс басталды.

 

-7, 5, 4 және 3 жастағы төрт бала Павлодар облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Жағдайлары тұрақты. Барлығын рентгенге түсірдік төртеуінің де өкпесі қабынған. Біреуінен коронавирус анықталды, - дейді Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Буратаева.

 

Отбасыдағы балалар емханаға тіркелген, алайда анасы олар ауырған кезде өзі үйде емдегенін айтқан. 27 жастағы әйел барлығын перзентханада босанған, бірақ сәбилердің одан кейінгі жағдайына педиатрлар мән бермеген.

 

- Қазір дәрігерлерге қатысты қызметті тергеу жүргізілуде. Мұндайға жол берген медициналық қызметкерлерге қатысты баға беріледі. Әрқайсысына заң бойынша шара қолданылады, -дейді Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Буратаева.

 

Балаларды алдағы уақытта толық тексеру керек дейді дәрігерлер. Барлық ішкі құрылыс органдарын диагностика жасалмақ. Қажет болған жағдайда республикалық мамандарды да тартады. Психологтар сәбилердің дамуында ауытқу бар екенін растады.

 

Авторы: Бибінұр Хамитқызы