• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар облысында қатерлі ісікті тиімді емдеу мүмкіндігі артты

Павлодар облысында қатерлі ісікті тиімді емдеу мүмкіндігі артты

Жаңа сызықтық үдеткіш «Қазақстан халқына» қоры мен облыс әкімдігінің қолдауымен сатып алынды. Енді өңір тұрғындары жоғары технологиялық медициналық көмекті облыстан шықпай-ақ ала алады. Жобаның үйлестірушісі ретінде Алматы қаласындағы Онкология және радиология институты жұмыс істеді.

-Бүгінде Қазақстанда «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының көмегі мен қолдауының арқасында осындай оныншы аппарат іске қосылып отыр. Осылайша, еліміздегі сызықтық үдеткіштердің жалпы саны 26-ға жетті. Салыстырмалы түрде айтсақ, көршілес Өзбекстанда – 5, Қырғызстанда 2 аппарат бар, - деп хабарлады «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов.

Америкалық өндірістегі TrueBeam аппараты бас пен мойыннан бастап, құрсақ қуысы мен кіші жамбас ағзаларына дейінгі дененің кез келген бөлігіндегі ісіктерді емдеуге мүмкіндік береді. Құрылғы сәулені барынша дәл бағыттап, сау тіндерге әсерін барынша азайтады. Емшара орта есеппен екі минутқа дейін созылады. Сонымен қатар жоба аясында диспансерде 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұрынғы үдеткіш те жаңартылды.

-Қазір бұл екі аппарат бір-бірімен толық үйлесімді. Техникалық тұрғыдан бұл өте тиімді, өйткені құрылғылардың бос тұрып қалуына жол берілмейді. Егер бір аппаратқа техникалық қызмет көрсету қажет болса, науқасты еш қиындықсыз екіншісіне ауыстыра аламыз. Осылайша, емдеу сапасы артып, емдеу үдерісінде үзілістер болмайды, - дейді Павлодар облыстық онкологиялық диспансері радиология бөлімшесі меңгерушісі Виктория Сиченко.

Жаңа сызықтық үдеткіштің іске қосылуымен онкологиялық диспансерде емдеудің алтын стандартына қол жеткізілді. Енді мұнда өңір тұрғындарына қажетті емді қамтамасыз ететін екі заманауи аппарат бар.

Сондай-ақ үдеткішпен бірге компьютерлік томограф-симулятор да сатып алынды. Сәулелік терапияға дайындық осы құрылғыдан басталады. Мамандар оның көмегімен ісіктің нақты орналасқан жерін анықтап, түсірілген кескіндер негізінде әр науқасқа жеке емдеу жоспарын әзірлейді.