• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар облысындағы су басулар туралы жағдайды ТЖД әлеуметтік желілерден білген

Павлодар облысындағы су басулар туралы жағдайды ТЖД әлеуметтік желілерден білген

Мұнда су өткізгіш құбыр ағынға шыдас бермеген. Нәтижесінде жолды шайып кеткен. Тұрғындар желі арқылы ешкімнің көмек көрсетпей жатқанын айтып назын білдірді. Бірнеше үй-жайды су басқан. Құтқарушылар жағдай туралы тек  Instagram желісі арқылы біліпті. Жергілікті шенеуніктерден еш хабар алмаған.

 

- Ауылда 20 үй және 108 тұрғын бар. 100-ге тарта жылқы, 980 ірі қара, 800 ұсақ мал, сондай-ақ 200-ге жуық құс. Байқағандарыңыздай құбыр шыдас бермей жолды су шайған. Себебі, бұл құбыр құжаттамаға сәйкес орнатылмаған, - деді Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары Мейрамбек Батырқұлов.

 

 

ТЖД жағдайды ретке келтіретіндерін мәлімдеді. Сондай-ақ, кесілген жол да жөнделеді. Бұл ретте, Ақтоғай-Шолақсор облыстық тас жолында да жұмыс жүргізілуде. Мұнда жиылған су асып-төгілген. Инертті материал салынған 2000 қап төселді. Жалпы алғанда елді мекендерге төнер қауіп жоқ.

 

- Қазір біз елді мекендерді емес, Баянауыл ауданындағы автожолдарды бақылуға алып отырмыз. Бұл 101-105 шақырымдағы аумақ. Біз төтенше жағдайларға дайындалдық және оның болмайтынын білеміз, - деді Мейрамбек Батырқұлов.

 

 

 Ақтоғайдағы жағдайға бірнеше тәулік бойы тоқтаусыз жауған жауын-шашын себеп болған. Жығылғанға қардың еруі жұдырық болыпты. Әзірге алдағы уақытқа болжам жаман емес. Түнгі уақыттағы салқындық пен күндіз күннің жылынуы оң әсер етеді дейді мамандар.