Павлодар облысының үш ауданында жолдарды жөндеу қарқынының төмендеуі байқалуда
Антирейтинг көшбасшыларын облыс әкімдігінің аппараттық жиынында атап өтті. Сонымен қатар, жол жабыны материалдарын тексеру барысында жиі кездесетін бұзушылықтар жайлы да айтылды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 413 шақырымдық жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін жөндеу бойынша 116 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 86 нысан, яғни 300 км бойынша жұмыс аяқталып, өзгелерінде шаралар жалғасуда. Дей тұра, өңіріміздің үш ауданында тас жолдарды жөндеу қарқынының төмендеуі байқалуда.
- Тереңкөл ауданында жоспарланған жөндеудің 40%-ы орындалған. 4 нысанның, тек біреуі ғана аяқталған, үшеуінді жұмыс жалғасуда. Железин ауданындағы жөндеуді аяқтау көрсеткіші 50% құрайды. 9 нысанның 3-уі аяқталып, 4-уі жалғасып жатыр, ал 2 жоба бойынша жұмыс басталған емес. Ертіс ауданында жалпы жөндеудің 63%-ы жасалып отыр. 11 нысан ішінде 3-уі аяқталған, 6-уында жалғасуда, екі нысанда жұмыс басталған жоқ,-деді Павлодар облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Қанат Қашкиров.
Аудан басшылары олқылықты қолға алып, жұмыстар қарқын қосуға уәде берді. Бұл ретте, жүргізіліп жатқан жөндеулерді сапасын бақылауға да ерекше назар салынады. Өңірлік ұлттық сапа орталығы биыл материалдардың талапқа сай келмеуі бойынша 76 жағдайды тіркеді.
- Ең көп кездесетін жол құрылыс материалдары бойынша асфальт бетон қоспасы тығыздығының сәйкес келмеуі, сол сияқты су қарқыны коэффициенті бойынша, су сіңдіру бойынша,-деп жеткізді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Павлодар филиалының директоры Ақылбек Қабылдин.
Айту керек, бюджеттің әртүрлі деңгейлерінен биыл барлық жол жөндеу жобаларына 25 млрд. Теңге бөлінген еді. Осы күні облыста бұл бағытта орындалған жұмыстардың жалпы көлемі 83% құрап отыр.
