• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар облысының ауылдық жерлерінде де балалар ойын алаңдары ашылуда

Павлодар облысының ауылдық жерлерінде де балалар ойын алаңдары ашылуда

Балақайлар шат-шадыман көңілде асыр салуда. Күні кеше бос тұрған аумақта бүгінде таң-тамаша ойын алаңы тұрғызылған. Кішкентайлар өз алдына, ауыл  тұрғындары да ризашылығын білдіруде.

 

- Бұл бір жақсылық енді, бәрі мәз. Менің де немерелерім бар, бәрі келіп ойнайды мына жерге. Таңертең астарын ішпестен осында барамыз деп жүгіреді бәрі. Енді осы басқарушы адамдардың бәріне рахмет, - дейді Қызылжар ауылының тұрғыны Алма Құсайынова.

 

Аниматорлар да өз кезегінде ойын алаңындағы балалардың көңілін көтерді. Сонымен қатар, тәттілер де таратылды. Бұл ретте, елді-мекенде бірқатар құрлыс жүргізіліп жатыр екен. 

 

- Жуырда ғана 9 көшеге асфальт салдық. Сол аудан бюджетінің арқасында бүгінде міне екі балалар алаңын орнаттық. Мында бала санына қарасақ, 120 бала тұрады. Бұл біздің еліміздің болашағы, - деді Қызылжар ауылдық округі әкімі Ерген Абдраев.

 

Балалар арнайы алаңда жылдың әр мезгілінде ойнай алады. Тіпті қыс кезінде де. Мұнда қар фигуралары мен мұз слайдтары тұрғызылады. Ал әзірге олар шырайлы жаздың қызықты сәттерін өткізеді.

 

Сондай-ақ өңірімізде футбол алаңдарының саны артуда. Кезекті спорт нысаны Ертіс ауданындағы Қарақұдық ауылында ашылды. Елді мекеннің балалалары да, тіпті кеш батқанда ересек жастары да жаңадан салынған шағын футбол алаңына келуге асық. Осы уақытқа дейін ауылда бұндай спорт нысаны болмай, жергілікті аяқдопшылар даладағы ескі қақпаны айналшақтап жүрген еді. Мамыр айында орындалған конкурстан кейін жаз айлары бойы жер тегістеліп, жабын төселіп, алаң өткен аптада қолданысқа берілді.

 

- Тәуелсіздігіміздің 30-жылдығы қарсаңында шағын футбол алаңы іске қосылды. Бұл жұмыстар тамыз айында аяқталған болатын. Жастарымыз дән риза, күнде осында келіп өздерінің бос уақыттарын өткізеді, - дейді  Қарақұдық ауылының әкімі Темірғали Рүстембеков.

 

Шағын футбол алаңының құрылысына жергілікті бюджеттен 6 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Айту керек, нөмірі бірінші спорт түрін дамыту бойынша Ертіс өзге аудандарға үлгі. Ауданда 6 шағын футбол алаңы тұрғызылып, Ертіс құрамасы биыл облыстық спартакиада чемпионы атанды. Бұдан бөлек, команда футболдан облыс чемпионатына қатысатын жалғыз аудандық ұжым болып табылады.