Павлодар облысының үш ауруханасы қарызға батқан

 

 

Павлодар қалалық №1 ауруханасының кредиторлық қарызы 1,5 миллиард теңгеге дейін жетіп отыр. Бұл туралы облыстық мәслихат депутаттары сессия барысында айтып дабыл қағуда дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Павлодар қалалық №1 ауруханасы тұрғындар наразылығы бойынша көш бастап тұрғаны жеткіліксіз еді, қаржылық жағдайы да мәз емес көрінеді. Қыркүйекте кредиторлық қарызы 1 миллиард 435 миллион теңгеге дейін жеткен. Ал №3 аурухана несиелік берешегі 356 миллион теңге болса, Екібастұз қалалық ауруханасының қарызы 968 миллион теңгеге жеткен. Бұл туралы өңірлік мәслихат сессиясында мәлім болды.

 

- Павлодар облысы басшылығынан Павлодар қалалық №1 ауруханасы, Екібастұз қалалық ауруханасы бас дәрігерлерін орындарынан босатуды, павлодардағы №3 аурухана басшысын және денсаулық сақтау басқармасы басшысын да тәртіптік жазаға тартуды сұраймыз. Себебі біздің ескертулерімізді елемей, медицина мекеме басшыларына қатысты ешқандай шара жасалмауда,-деді Павлодар облыстық мәслихат депутаты Маханбет Амангелдіұлы.

 

Облыстық мәслихат сессиясына қатысқан денсаулық сақтау басқармасы басшысы бас дәрігерлерге қатысты тәртіптік жиынды тиісті шаралар қолданылады деп жеткізді. Бірақ, депутаттардың №1 ауруханаға қатысты шағымдары бұнымен аяқталмады.

 

-Қыркүйкке дейін мәселе шешіледі деп едіңіздер, бірақ, қазан айы келді, науқастар жаңартылған бөлімшелерге көшкен жоқ. Бірақ, барлық төсек орындар, құрал-жабдықтар дайын тұр. Әртүрлі сырқатпен ауыратын науқастар бар, бәрі бір қабатта ем алуға мәжбүр. Неліктен көшіру қиын? ,-деп шағымын жеткізді Павлодар облыстық мәслихат депутаты Сәбиден Мантықов.

 

Денсаулық сақтау басқармасында қазан айының соңына дейін тек қабылдау процедураларын жасауға мүмкіндік бар екендігін атап өтті. Депутаттар көтерген өзекті сұрақтарға мардымды жауап болмады.

 

Фото: Freepik.com