• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар педагогикалық университеті – инфрақұрылымы жоғары оқу ордасы

Павлодар педагогикалық университеті – инфрақұрылымы жоғары оқу ордасы

- Біздің университетімізде колледж, бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша білім беру жүзеге асырылады. Колледж бойынша 8-ден астам мамандық,  бакалавриат бойынша 30-дан астам, магистратурадан 18 мамандық бойынша және 8 мамандық бойынша білім беру жүзеге асырылады, - дейді ППУ оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Лаура Ахметова.

 

Павлодар педагогикалық университеті көп жылдар бойы республикамыздың педагогикалық оқу орындары арасында көшбасшы болып келеді. Жүргізіліп жатқан зерттеулердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оны ғылымның халықаралық тенденцияларымен байланыстыру мақсатында стратегиялық серіктестермен, яғни шетелдік университеттер мен алыс және жақын ресейлік ғылыми орталықтарындағы жоғары білікті мамандармен белсенді жұмыс істейді.

 

- Университетіміздің тағы бір ерекшелігі қосарланған білім беру бағдарламалары бар. Бұл шағын жасақталған мектептер үшін өте ыңғайлы. Неге десеңіз, физика-математика, информатика-математика, биология-химия, тарих-география сияқты қосарланған  мамандықтарды бірдей меңгеріп шыға алады студенттер, - деп түсіндірді ППУ оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Лаура Ахметова.

 

Сонымен қатар,  Павлодар педагогикалық университетінде  биыл «білім берудегі ақпараттық технологиялар», «Жаратылыстану» және «Білім берудегі кәсіпкерлік» сияқты инновациялық білім беру бағдарламалары ашылды. Олардың қатарында «Көркем еңбек, графика және жобалау» мен «Педагогикалық өлшемдер» бар.   Университеттің профессор-оқытушылық құрамы мұғалімдерді даярлауда оқу жоспарлары мен оқу-тәрбие үрдісінің барлық кешенін жетілдіру бағдарламасын бір жүйеге түсіру мәселелерімен айналысуда.

 

- Біздің басты мақсатымыз,   студенттерді заманауи ұстазға қажетті біліммен қамтамасыз етіп, нағыз кәсіби маманды тәрбиелеу. Педагогикалық университетімізде инклюзивті білім беруге қатысты модуль жасалған. Бұл сала еліміз бойынша аса өзекті оқу саласы болып табылады. Модульде ерекше білім беруді қажет ететін балалармен қалай жұмыс жасау керектігіне көңіл бөлінеді. Жоғары оқу орны бұл бағытта зерттеу жасап, бірегей оқыту жүйесін дайындаған, - дейді ППУ «Арнайы педагогика және өзін-өзі тану» оқу бағдарламасының жетекшісі  Ботагөз Нұрмағамбетова.

 

Университет студенттері заманауи зертханалармен, IT және робототехника сыныптарымен, бірегей технологияларымен жабдықталған оқу залдарында білім алады. Бүгінгі таңда Павлодар педагогикалық университеті жаңа оқу жылына сақадай сай. Мықты профессорлық-оқытушылар сапалы білім алғысы келетіндердің барлығын қабылдауға дайын.