Павлодар педагогикалық университетінде маңызды іс-шаралардың бірі басталды
Өңіріміздің тумасы Рафиқа Нұртазина - педагог-әдістемеші, ғалым, Қазақ КСР-ің еңбек сіңірген мұғалімі, социалистік еңбек ері, педагогика ғылымдарының кандидаты ретінде еліміздің ұстаздық саласына елеулі үлес қосып, сүйікті ісіне бар ғұмырын арнады. Білім беру ісі үздігінің 100 жылдық мерейтойына орай Павлодар педагогикалық университетінде «Заманауи әлемдегі-мектеп-мұғалім инновация» атты бірінші халықаралық педагогикалық оқулар ұйымдастырылды.
- Қазақ тілі мен орыс тілін тең оқытудың теориясы мен практикасына өлшеусіз үлес қосқан, тың әдістемелер енгізген, ғалым ұстаздың ізденістерін жалғастыру бүгінгі ұрпақтың міндеті. Құрметті халықаралық педагогикалық оқуларға қатысушылар, алдағы жұмыстарыңызға сәттілік, шығармашылық табыстар тілеймін, - «Павлодар педагогикалық университеті» КЕАҚ басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев.
Онлайн кездесуде Рафиқа Бекенқызымен жақсы таныс болып, бірге жұмыс істеген американдық ғалым Дэн Дэвидсон де сөз сөйледі. Жалпы халықаралық ғылыми-тәжірибелік коференцияға әлемнің жан-жағынан 200-ден аса зерттеуші мен ұстаз қатысты.
- Бес бағыт бойынша 2 күн өтетін конференция жұмысына қазақстанның белгілі ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Америка, Қытай, Ресей, Армения және т.б елдердің зерттеушілері білім берудің өзекті саласы бойынша ойларын ортаға салады, - деді ППУ профессоры, гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Қуаныш Ерғалиев.
Сонымен қатар Павлодар педагогикалық университетінде ғылыми іс-шара аясында 72 сағаттық біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады. Педагогикалық оқулар наурыздың 9-на дейін жалғасады.