Павлодар педагогикалық Университетінің оқытушылар құрамы мен студенттері 30 ағаш отырғызды
2022 жыл Павлодар Педагогикалық Университеті үшін атаулы жыл болмақ. Себебі мыңдаған түлекке сапалы білім мен саналы тәрбие берген білім ордасына 60 жыл толады. Алдағы мерейтойлы датаны тәуелсіздіктің 30 жылдығымен орайластырған ЖОО алғашқы ұстаз ескерткіші жанына 30 көшет отырғызды. Бұл монумент те 2012 жылы ППУ бастамасымен орнатылған еді.
- Бүгін біз өте қуаныштымыз. Өйткені жаңа желек жаятын ертең ағаштар, гүлдер отырғызайын деп жатырмыз. Осының бәрі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналатын болса ертең еліміздің жастарының ұлғайып, жетіліп болашақта бұдан да үлкен жетістіктерге апаратынына куә болатын деп ойлаймын, - деді ППУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Әйгерім Нұрғалиева.
Айта кету керек, Павлодар педагогикалық Университетінің іргесі қаланғалы мұнда 40 мыңнан астам маман қанат қақты. Олардың көбісі - еліміздегі танымал тұлғалар. Бірқатары Павлодар облысы өңірінде еңбек етуде. Бүгінгі жастар да аға буыннан кем емес. Және білім ордасының бастамасын қолдап, жасыл желек отырғызу шарасына белсенді ат салысты. Ары қарай оларды күтіп-баптауды да өз мойындарына алып отыр.
- Біздің студенттер бұл ағаштарды баптап-күтетін болады. Оларды суарып тұрады. Біздің ЖОО «Таза бейсенбі» тәжірибесі бар. Бұл күндері бүкіл университет ЖОО аумағын жинастырады, - деп атап өтті академиялық жұмыс жөніндегі проректор Елена Игнатова.
- Бүгін мен ППУ студенттерімен бірге алғаш рет ағаш отырғыздым. Мен үшін бұл үлкен мақтаныш. Болашақта көшет үлкен болып өскенде балаларыма осы саябақтағы мына ағашты мен отырғыздым деп айтудың өзі үлкен мәртебе деп ойлаймын, - деді ППУ студенті Елжан Омарханов.
Павлодар педагогикалық Университетінің ректоры Жанбол Жилбаев та келер ұрпақ үшін өз белгісін қалдырды. Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру аға буынның басты міндеті дейді. Павлодар педагогикалық Университеті бұл шараны республикалық «Birge – Taza Qazaqstan” акциясы аясында қолға алды. ЖОО-да жас ұрпақты қоршаған ортаны аялап, экологияны жақсарту құндылықтарына тәрбиелеуді басты сабақ деп есептейді.

