Павлодар саябақтарын абаттандыруға 649 миллион теңге жұмсалмақ
Бұл туралы ТҮКШ бөлімінің басшысы хабарладыЖөндеу барысында шенеуніктер Гагарин саябағына ерекше көңіл бөлмек. Гагарин саябағы Ак. Шөкин көшесі бойындағы Ворушиннен Қамзинге дейінгі аралығы көліктер үшін биыл жабылады. Мұнда шенеуніктер кіші архитектуралық формаларды орнатады. Сәйкесінше көліктер бұл жолмен енді жүре алмайды. ТҮКШ бөлімінде Гагарин саябағының эскиздік жобасын көрсетті. Онда 2 балалар және қосымша воркаут алаңын орнатуды жоспарлайды. Сондай-ақ, құрғақ фонтан, мәрмәр орындықтар мен қоқыс жәшіктері пайда болмақ. Бұдан бөлек, Химқалашықта жаяу жүргіншілер аумағын абаттандырады. Екінші Павлодардағы Литвинов көшесінде жаңа саябақтың құрылысы басталмақ.
-
Біз онда жаңа саябақ орнатуды жоспарлаймыз. Жер асты сулары мәселесін шешуге тырысамыз. Кейін бірден абаттандыру басталады. Онда балалар алаңдары бой көтермек. Жаяу жүргіншілер жолы, орындықтар мен қоқыс жәшіктері пайда болады. Бұл жоба екінші Павлодар тұрғындарының өтініші бойынша жүзеге асырылады,- дейді Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы Арслан Қалиякбаров.
Сондай-ақ, Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі «Достық» саябағына да көңіл бөлінеді. Онда 4 орындық және стритбол алаңын қалпына келтіреді. Жалпы биыл саябақтардың күтіміне 649 миллион теңге жұмсалады.
Авторы:Айтмұхамбет Айғожа