• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар тұрғындары үйлерінің қасындағы құрылыс жұмыстарына шағымдануда

Павлодар тұрғындары үйлерінің қасындағы құрылыс жұмыстарына шағымдануда

 

Каз. Правда көшесінің тұрғындары жарық, судың үнемі ажыратылуынан және құрылыстан шығатын дыбыстардан шаршағанын айтуда дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Каз. Правда көшесіндегі аталмыш көпқабатты үйлер қолданысқа 1989-шы жылы берілген. Кезінде су алпауытында еңбек еткен қызметкерлерге бұл жерден пәтер табысталған. Уақыт өте келе оларды заңдастырып, қазір үш қабаттылардың дәл қасында үлкен құрылыс жұмыстары басталды.

 

- Біздің үйге қарама-қарсы көпқабаттының құрылысы жүріп жатыр. Қазір күнделікті терезеден оны бақылап отыруға мәжбүрміз. Олар біздің үйге тақап қоюда. Бұл жерден пәтер сатып алдық, енді өзіміздің жеке орнымыз болмайды. Құрылыс жүргізіп жатқандар ең алдымен электр қалқанын орнату керек. Ал олар болса, кіреберіс алдынан жоғары кернеулі кабель тартқан,-деді Каз. Правда көшесіндегі №3/2-үйдің тұрғыны Күлжан Тәңірбергенова.

 

- Біз құрылыс жұмыстарына қарсы емеспіз. Болашақта бұл керемет шағын ауданы болады деген сенімдеміз. Бірақ жұмыстарды орындап жатқандар біз туралы ұмытып кеткен болар. Біз де бұл шағын ауданның жоспарына енуіміз керек қой. Осы үш үйде құрылыс жұмыстарына байланысты үнемі су, жарықты өшіріп отырады,-деді Каз. Правда көшесіндегі №3/2-үйдің тұрғыны Наталья Дацко.

 

Жиналғандар осы аудандағы үш үйдің тағдырын білгісі келеді.

 

-Каз. Правда көшесіндегі 3, 3/1 және 3/2 үйлері апатты жағдайда емес. Оларды бұзу жоспарда жоқ. Қала әкімінің қаулысына сәйкес, Павлодардың түбегейлі жоспары бекітілді. Оған сәйкес, Каз.Правда – Ағайынды Дүйсенбиновтар – Краснодонская – Ворушин шаршысында көпқабатты үйдің құрылысы жоспарланған. Салушы компанияда барлық рұқсат қағаздары бар,-деп жеткізді Павлодар қаласы архитектура және қала құрылысы бөлімі басшысының м.а. Арсланбек Қабдықайыр.

 

Мамандар қала құрылысы және жоспары ережесін ескере отырып, көпқабатты үйлердің арасындағы қашықтық 10 метрден аз болмау керектігін алға тартты. Жергілікті тұрғындар қандай да бір бұзушылық анықтаған жағдайда, сәулет құрылыс бақылау басқармасына жүгінуге кеңес берді.