• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар жастар бастамаларын дамыту орталығы қызметкерлерінің төмен жалақысын көтеру пысықталуда

Павлодар жастар бастамаларын дамыту орталығы қызметкерлерінің төмен жалақысын көтеру пысықталуда

Ертіс-Баян өңірінде жастар саясатында еңбектенетін мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы төмен. Бұл туралы облыстық кеңестің кезекті жинында айтылды. Салдарынан маңызды салада кадрлардың тұрақсыздығы үйреншікті жағдайға айналған деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Павлодардағы жастар бастамаларын дамыту орталығы көпшілікке жақсы таныс ғимарат. Бұл жерде түрлі игі шаралар ұйымдастырылып, жастарды мәдениет, спорт, қоғам өміріне белсенді араластыру үшін жағдай жасалады. Бірақ, сол жұмысты жүргізетін жас мамандардың жалақысы қаншама жылдар бойы төмен. Сондықтан бұл жерде ұзақ жұмыс жасауға бел буғандар саны аз. Мәселені облыстық қоғамдық кеңес мүшелері көтерді.

 

-Жоғары білім бар инспекторлардың орташа жалақысы 120 мың теңгені ғана құрайды. Төмен жалақы мен ауыр жұмыс, кадрлық тұрақсыздыққа әкеліп отыр. Бұл мәселе әлі шешімін тапқан жоқ, - деді қоғамдық кеңес мүшесі Дулат Абетжанов.

 

Ақпарат және қоғамдық даму басқармасында бұл мәселе жайлы хабардар екендігін жеткізіп, тіпті министрлікке де хат жолданғандығын жеткізді. Жастар орталығынан осы уақытқа дейін 33 адам жұмыстан шыққан екен.

 

-Ақпарат және мәдениет министрлігіне бұл мәселеге қатысты хат жолданған еді. Бізге жергілікті бюджет тарапынан қаражат қарастырыңыздар деген жауап келді. Жастар бастамаларын дамыту орталығында қызметкерлердің еңбек ақысын 50%-ға көтеру үшін 200 миллион теңгеден астам қаражат керек. Қоғамдық кеңестің қолдауымен бұл мәселенің шешімін табамыз деген үміттеміз, - деп атап өтті Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов.

 

Сонымен қатар, жастар бастамаларын дамыту орталығындағы жылу жүйесі бойынша да проблема бар. Ғимарат электр қазандарымен жылыталады екен, былтыр кабелі зақымдалып, салдарынан ақпанда мекеме уақытша жылусыз қалған. Сондықтан орталықтандырылған жылу жүйесіне көшу шығындарды айтарлықтай азайтып, мекемені тұрақты жылумен қамтамасыз етпек. Кеңес мүшелері аталған мәселелер бойынша жастарға қолдау көрсетуге асық.