• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар жүргізушілері Абай-Толстой қиылысындағы жолға шағымдануда

Павлодар жүргізушілері Абай-Толстой қиылысындағы жолға шағымдануда

 

 

Жуырда аталмыш телімде коммуналдық апат орын алып, жөндеуден кейін бірнеше көлік шұңқырға түсіп кетіп, темір тұлпарларын зақымдаған деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Өткен аптада Абай-Толстой қиылысындағы жылу желісінде ақау анықталып, оны апаттық бригада жоюға кіріскен екен. Бірнеше күнге жол жабылып, бүгінде көріп тұрғандарыңыздай абаттандыру ережелерін ешкім қалпына келтірмеген. Салдарынан бірнеше көлік зақымдалып, адамдар біздің «Ирбис» телеарнасынан мәселеге назар аударуды сұрады.

 

Абай-Толстой қиылысы өткен аптада жабылған болатын. Ол кезде көліктердің бірі түнде бетон қоршауына соғылып, қожайыны арнайы белгілердің жоқтығына шағымданған. Анықталғандай, қиылыстағы жылу желісінде ақау анықталып, апаттық бригада жөндеу жұмыстарын жүргізген. Бүгінде жолдың бұл аралығы ашық. Коммуналшылар шұңқырды құм және қиыршықтаспен жапқанымен, павлодарлықтар жол жабынын қашан қалпына келтіреді деген сұрақтарын қоюда.

 

- Маған сіздерден келіп түсетін сұранымдардың көбісі қала көшелерін жөндеу бойынша. Биылғы жылы 14 магистральді көшені жөндеу бойынша жоспар бекітілді. Олардың жалпы ұзындығы 32 шақырымды құрайды. Луговая, Айманов, Баян батыр, Толстой, Торайғыров, Назарбаев даңғылы, Исиналиев, 29-шы Ноябрь, Қайырбаев, Кривенко, Естай Мәшһүр Жүсіп, Циолковский және Абай көшелеріндегі жол жабыны орташа жөндеуден өтеді,-деп жеткізді қала әкімі Хасар Хабылбеков.

 

Бұдан бөлек, шаһар басшысы 2024-ші жылы Горторг шағын ауданындағы жеке сектордағы 9 көше жөндеуден өтеді деп мәлімдеді. Жұмыстар күн жылынғанда басталады.