Павлодар қаласы су астында қалды

Жаңбыр жауса, Қамзин-Шөкин қиылысы көлге айналады. Жүргізушілер мәселе бірнеше жыл бойы шешілмей келе жатқандығын айтуда. Бүгін мұнда кезекті көлік тоқтап қалған. Ал бұл Назарбаев даңғылы мен Торайғыров көшелерінің қиылысы. Көліктерден бөлек, адамдар жолды өте алмауда. Көпқабатты үйлер де зардап шегуде. Железнодорожная көшесіндегі №5-үй су астында қалды.

 

- Кішкене жаңбыр жауса, судың барлығы жертөлеге жиналады. Кіреберісте құрғақ жер жоқ. Ол кәріз жүйесінде тұрып қалып, ары қарай кетпейді. Ескі баспанамыз шіріп жатыр, - дейді Железнодорожная көшесіндегі №5-үйдің тұрғыны Вера Дергач.

 

Зейнеткердің айтуынша, пәтерлердегі едендерді ауыстырудың қажеті жоқ. Себебі үй апатты деп танылған. Ауланың абаттандыру жұмыстарынан кейін ғимарат деңгейі асфальттан біршама төмен болып қалған. Қала әкімдігінде аталмыш мекенжайға су сорып шығаратын техника жіберетінін мәлімдеді. Ал су жиналатын көшелер бойынша нақты шешім жоқ. Нөсер жүйесін орнату үшін республикалық бюджеттен қаражат қажет.

 

- Павлодар қаласында су жүйесін салу үшін республикалық бюджеттен қаражат тартуды талап етеді. Оны дайын жобасыз жасау мүмкін емес. Осыған байланысты Павлодар қаласының әкімдігімен су ағар жүйесінің құрылысы бойынша техникалық тапсырма дайындау жұмыстары жүргізілуде. Жұмысқа осы саладағы сарапшылар тартылды. Содан кейін 2021-ші жылы жобалық-сметалық құжаттама дайындау бойынша жұмыстар басталатын болады, - дейді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Жансерік Қапзолла.

 

Құрылыс мақұлданған жағдайда, нөсерлік желі ең алдымен Қамзин-Академик Шөкин, Назарбаев–Торайғыров және  Академик Сәтпаев – Гагарин қиылыстарында пайда болады. Әзірге арнайы техниканың көмегімен су шығарылуда. Қала бойынша 8 көлік жұмылдырылды.

 

Авторы: Айтмұхамбет Айғожа.