• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар қаласының әкімдігі аулалардың бірінде жасөспірімнің үстіне құлаған ағашқа қатысты жауап берді

Павлодар қаласының әкімдігі аулалардың бірінде жасөспірімнің үстіне құлаған ағашқа қатысты жауап берді

Олар 109 қызметіне өтініштің түскенін, бірақ оқыс оқиғадан хабарсыз екендерін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, Павлов көшесі, 1 мекенжайында 13 жасар жасөспірім оқыс оқиғаға тап болған еді. Ол ағаштар сынған кезде, достарымен ойын алаңында болған. Барлығы қашып үлгергенде бала ғана сасқалақтап қалыпты. Нәтижесінде денесінің бір-екі жерін бұталар сырып кетіп, сәл көгерген. Анасы ағаштарды кесу туралы өтініштің бірнеше жылдар бойы ескерусіз қалып келгенін жеткізді. Алайда әкімдіктегілер бүгін оны жоққа шығарды.

- 2022 жылдың 31 шілдесінде 109 қызметіне осы үйдің тұрғындарынан өтініш түскен. Арызда айтылған мекенжайда ағаш бұтағы үзіліп, жол бойында салбырап тұрғаны айтылған. Оқиға орнына жедел бригада шығып, сынған бұтақтарды алу жұмыстарын жүргізді. Ауладағы апатты ағаштарды кесу жұмыстары да жүргізілді. Осы оқиғаның салдарынан зардап шеккендер туралы бөлімге хабарланған жоқ, - Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметі басшысы Салтанат Әкімбекова.

Жапа шеккен оқушының анасы әкімдікпен дауласудан аулақ. Ал шенеуніктер ағаштарды кесу бойынша жұмыстар қарқынды жүруде дейді. Жыл басынан 300-ге жуық өтініш қабылданса, қазіргі таңда 50 мекенжай кезекте тұр.