Павлодар қаласының әкімдік қызметкерлері де екпе салдырды
Қалалық әкімдікте қазіргі таңда 190 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Олар ұжымдық иммунитет коронавирустың таралуының алдын алуда тиімді тәсіл деп есептейді. Себебі мұнда жиналғандар тұрғындармен ең көп жұмыс жасайтын бөлімдерде істейді.
- Бізге біраз болды осы тізімді сұратқалы кім вакцина салдырады деп. Бүгін біраз адамның тізімін бердік. Бүгін келіп тұрмыз бірінші вакцинасын алуға. Көңіл күй жақсы. Көреміз енді алда бәрі жақсы болады деп. Барлық әріптестерімді шақырамын вакцина салып өз денсаулықтарын күтсін деп, - деді Павлодар қаласы жұмыспен қамту бөлімінің сектор меңгерушісі Аманбек Ұнатұлы.
Мобильді топтардың жұмыс орнына келіп вакцина салуы біздің де жұмысымызды жеңілдетеді дейді әкімдік қызметкерлері. Олар жұмысын тоқтатпастан бірден екпе алады.
- Карантин болғанына қарамастан қалалық әкімдікке әртүрлі қызмет алуға жүгінетін халық саны көп. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлер өзін және халықты қауіпсіздендіруі тиіс. Бүгін 50 қызметкер Спутник V вакцинасын алуға өтінім қалдырды. Негізі бұдан ертерек екпе алғандар да бар, - деді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева.
Коронавирусқа қарсы екпе салдырғандар қатарында Павлодар қаласы әкімдігінің қаржы, білім, спорт, әлеуметтік қорғау, ТҮКШ бөлімдерінің мамандары бар.

