Павлодар қаласының әкімі: «Жаз бойы жөндеу жүргізілетін үйлер бар»
Ол туралы шаһар басшысы жыл сайынғы есеп беруі кездесуі барысында айтты. Сонымен қатар ол тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, алда атқарылатын жөндеу жұмыстарына тоқталды. Ыстық суды енді екі айдан артық уақытқа өшірмейді. Асайын Байханов көпқабатты үйлердің тұрғындары шынымен де қара күзге дейін қайнақ сусыз отыратынын мойындады. Алдағы жазда қайтадан құбырларды жөндеу жұмыстары жалғасын табады. Себебі коммуникация тым ескі. Алда Малайсары батыр және Толстой көшелерінде екі коллекторды және Назарбаев даңғылындағы магистралді су құбырын қалпына келтіреді.
-Шаруашылық-ауыз су құбыры қалпына келтіріледі. Барлық жұмыс қазан айына дейін аяқталуы тиіс. Біздің міндетіміз биыл бүкіл қала бойынша ыстық суды екі айдан артық өшірмеу. Көп үйлер гидравликалық сынақтардан соң бір ай ішінде немесе оған дейін ыстық суға қосылады деп уәде беремін. Дегенмен де жаз бойы жөндеу жұмыстары жүргізілетін үйлер де бар. Қазір «Павлодарэнерго» АҚ жол картасын жасап жатырмыз. Онда ыстық су туралы тармақ болады,- дейді Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов.
Сонымен қатар 2022 жылы Зеленстройдағы кәріз желілері құрылысы бастау алады. Ол 600 үйді қамтымақ. Сонымен бірге қаланың басты кәріз коллекторын қалпына келтіру жалғасады. Бұл Бұқар жырау - Лермонтов Айманов - Центральная көшесінде орналасқан. Жалпы желілердің 10,8 шақырымы қалпына келтірілген.
Авторы: Бибінұр Хамитқызы