Павлодар өңіріне 13 мыңнан аса Ресей азаматы келген

 

 

Павлодарда жеке сәйкестендіру нөмірін алуға өтініш білдірген Ресей азаматтарының саны артты. Халыққа қызмет көрсету орталығының ақпараты бойынша жұмысты күшейтуге тура келген.

 

Павлодардың Теміржол вокзалында бірнеше күннен бері адам саны көп. Айырбастау орындарында да негізінен ресейлік ер азаматтар. Көбісі жолшыбай соққандарын айтады. Барлығына қыркүйектің 21-і жарияланған ішінара мобилизация себеп.

 

-Тайландқа транзитті көптен бері жоспарлаған едім. Осы бәрін әуреге салған мобилизация басталды. Шекараны жауып тастамас бұрын Қазақстан арқылы транзитпен баруды шештім,-деп жеткізді Ресей азаматы.

 

Әрқайсысының өз жоспары бар. Алғашқы уақытта Павлодарда тұрақтамақ. Полицейлер көші-қон заңы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Естеріңізге сала кетейін, шетелдіктер Қазақстанда тіркеусіз үш күннен артық бола алмайды. Халыққа қызмет көрсету орталығында ЖСН рәсімдеуге келгендер көп. ХҚКО ақпараты бойынша Ресей азамттары банкта есепшот ашу және мүлікті рәсімдеу үшін ЖСН жасатады. Қыркүйектің 21-нен бастап мыңнан астам өтініш түскен. Бүгін мұнда келушілерді ыстық бауырсақ және тәтті шаймен қарсы алуда. Осылайша қонақжайлылық танытуды шешкен.

 

-Шекарада да, қалада да жақсы қарсы алуда. Тіпті танымайтын адамдар қаланы көрсетіп, барлығын таныстыруда. Қазақстан халқы қонақжай екеніне көзім жетті,-деді Игорь есімді Ресей азаматы.

 

Көші-қон қызметінде де күшейтілген тәртіппен жұмыс жасауда. Мұнда да қызметкерлер санын көбейткен. Жай күні 10-15 шетелдікке қызмет көрсетсе, қазір 80 адамға дейін жүгінеді екен. Облыстық әкімдікте қонақ үйлердегі орын туралы айтты.

 

-Осыншама көп адам келеді деп ешкім күткен жоқ. Барлық қонақ үйлер 95-98 пайыз толық. Келіп кетіп жатыр,-деп мәлім етті облыс әкімінің бірінші орынбасары Олег Крук.

 

Шенеуніктер жалдамалы пәтер құнын бақылай алмайтындарын жеткізді. Жеке меншік иесі бағасын өзі қояды. Полицияның ақпараты бойынша Павлодар облысына 13 мың ресейлік кірген, олардың сегіз мыңы қалған. Әзірге ресми тіркелгені 500-ге жуық. Келушілер біздің аймақта көпке қала ма немесе кете ме оны бақылау мүмкін емес дейді.