Павлодар – Омбы бағытындағы бірінші рейс

Бүгін Павлодарға Омбы қаласынан алғашқы рейс қонды. Бұндай бағыт Тәуелсіздік алғалы бері болмаған. Айта кету керек, ұшақтың салонында жолаушылар толық. Біздің қаладан бүгін шамамен 90 адам ұшып кетті.

- Бұл авкөлікпен жеткеннен қарағанда әлдеқайда ыңғайлы. Біз шамамен 30-40 минут ұшып келдік. Өте жылдам, - дейді жолаушылардың бірі Максим Стадников.

Омбыға дейін автобуспен орташа алғанда 10-12 сағатта жетуге болады. Ал ұшақпен әлдеқайда жылдам. Бұл халықаралық рейс болғандықтан коронавирусқа пцр тест болуы шарт.

- Билеттің құны 36 мың теңгеден басталады. Омбыдан ары қарай Мәскеуге ұшып кетуге болады. Багажсыз билет құны 60 мың теңгеден басталады. Ал Новосібірге 50 мың теңгеден, - дейді «Павлодар-Әуежай» АҚ басқарма төрағасы Ескендір Жандәулетов.

Әзірге Омбымен әуе қатынасы наурыз айына дейін жоспарланып отыр. Ұшақтар әр сейсенбі күні күндіз ұшады. Сондай-ақ, қазіргі таңда Алматы мен Түркістан бағыттарына рейстер бар.