Павлодардағы №1 қалалық ауруханадағы ұзаққа созылған жөндеу қашан аяқталады?
Павлодардағы №1 қалалық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталып, 19 айға созылып кеткен. Әлеуметтік нысанды өңірімізге іссапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау бақылап қайтты деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
№1 қалалық аурухана жыл сайын 23 мың адамға стационарлы медициналық көмек көрсететін, облыстағы ең үлкен, көпфункционалды кешен. Осыдан үш жыл бұрын бұл жерде ауқымды жөндеу басталып, әлі күнге дейін аяқталатын емес. Тапсыру мерзімі сериал іспеттес, жыл сайын өзгеруде. Тұрғындар наразылығы елордаға дейін жеткен дейді Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау. Облыстық мәслихат депутаттары Махамбет Амангелді және Сәбиден Мантыковпен бірге астаналық мейман әлеуметтік нысан құрылысын бақылап өтті.
-Халық күтіп отыр ғой. Жоспар бойынша мамыр айында аяқталу керек еді, енді мерзім өзгерді деп отырсыздар. Халық наразылығы осындайдан туындайды. Неге бақыламайды ? Неліктен ешкім қадағалаймады? Осындай шағымдар көп. Ақша бөлінбесе түсінуге болады. Бірақ, аурухананы жаңартуға 12 млрд теңге бөлінген. Нысан неліктен уақытында тапсырылмай жатқандығы, таң қалдырады!,-деп жеткізді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау.
Дегенмен медицина ордасы жұмысын тоқтатқан емес. 12 операциялық бөлімнің жартысында жөндеу жасалса, өзгелерінде ота жүргізіліп отырған. Науқастарды қабылдау да жүргізілуде. Жалпы 12 млрд қаражат ауруханадағы 5 блоктың 3-уін толықтай жаңғырту көзделуде. Мамырда жұмысты аяқтау қажет болған мердігерлік ұйым, енді жөндеу желтоқсанда аяқталады деп сендіруде.
-Ғимаратты тапсырудың мерзімі желтоқсанға соңғы рет ауыссын. Енді жөндеуді созуға болмайды. Біздің мәслихат депутаттары келді, енді міне, Парламенті Мәжілісінің депутаты келіп отыр. Егер әлеуметтік нысандағы жұмыстар уақытылы аяқталмаса, жауапкершілікке тарту мәселесі ең жоғары деңгейде көтеріледі,-деп жеткізді облыстық мәслихат депутаты Махамбет Амангелді.
40 жылдан астам бойы жасалмаған жөндеу осыншама созылып кетеді деп ешкім күтпеген. Халық қалаулылары жұмыстардың орындалуын қатаң бақылауда ұстап, бұл жерге жүйелі түрде келіп тұратындықтарын жеткізді.