Павлодардағы 700-ге жуық ағашты жарықпен безендірді

Лермонтов көшесі мен Назарбаев даңғылындағы желектер жарқырай түсті. Олар қаланың көркін жылдың барлық мезгілінде көркейтіп тұрмақ. Бұдан бөлек, орталық жағалауда жаңа жылдың шырша құру басталып кетті деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Павлодардың бас шыршасындағы жарықшамдарды шағу рәсімі әдетте желтоқсанның екінші жартысында өтеді. Бүгінде құрылымды орнату шарасы басталды. Барлығы жаңа жыл символы берік тұруы үшін жасалуда. Бұдан бөлек, қала бойынша 400-ден аса мерекелік элемент орнатылады. Жуырда Павлодардың орталық көшелеріндегі ағаштар да жарқырай түсті.

 

- Лермонтов және Назарбаев даңғылында 700-ге жуық ағашқа жарықшам орнатылды. Сондай-ақ, Павлодардағы 17 көпқабатты үйге архитектуралық жарықшам тартылды. Қаланың басқа да көшелерінде иллюминацияларды орнату шарасы жалғасады. Олар жылдың барлық мезгілінде қала тұрғындарына қуаныш сыйлайтын болады,-деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Мақпал Қаржаубай.

 

Естеріңізге салсақ, қаладағы ағаштарды әшекейлеу жұмыстары өткен жылы Баян батыр көшесінен басталған болатын. Биыл аталмыш шара басқа да орталық көшелерде жалғасын тапты. Павлодарды жаңа жылға безендіру жұмыстарына 23 миллион теңге бөлінді.