Павлодардағы ескі, екі қабатты үйдің шатырына ағаш құлап, енді тұрғындардың пәтеріне су кіруде
Адамдар бұл жағдай ағаш бұтақтарын кесіп жатқанда орын алғанын алға тартты. Енді келтірілген шығынды кім өтейді деген сұрақтарын қоюда деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Ағаш бұтақтары Гагарин көшесіндегі №65/1-үйдің шатырына өсе бастаған. Адамдар бірнеше рет коммуналшылардан оны кесіп тастауды сұраған. Мекенжайға келген мердігерлік ұйым өкілдері жұмыстарды орындаған. Алайда, үлкен бұтақты кескен сәтте ол құлап, шатыр мен терезені зақымдады.
-Шатырға құлап, көршімнің терезесін сындырды. Жаңбыр суы енді пәтерімізге кіреді. Жалпы үйміз онсыз да апатты жағдайда,-деді Гагарин көшесіндегі №65/1-үйдің тұрғыны Гүлбаршын Камешева.
Сондай-ақ, адамдар басқа да тұрмыстық мәселелерді көтерді. Қалада тұрғандарына қарамастан дәретхана далада орналасқан. Суды құдықтан тасимыз дейді. Көршілес екі қабатты үй де апатты баспаналардың бұзылуын тағатсыздана күтуде.
-Ескі үйлерімізді апатты деп таныған болатын. 2000-шы жылдан бастап, біз бұл мәселені көтеріп келеміз. Шенеуніктер нақты жауап бермейді. Күтіп-күтіп шаршадық. Аталмыш шағын ауданның жағдайына қашан назар аударады?,-деді Теплов көшесіндегі №38-үйдің тұрғыны Сұлушаш Алтыбасарова.
- Бүгінде Теплов көшесіндегі №38/1-үйді бұзуда. Ол апатты деп танылған болатын. Айтылған үйлер де ескі деген санатқа жатады. Ғимараттардың тозу көрсеткішіне сәйкес, осындай баспаналардың қолданыс мерзімі 30 жылды құрайды. Сәйкесінше, олар да ескі деп танылған,-дейді Павлодар қаласы сәулет және құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Тимур Карабаев.
Естеріңізге салсақ, өткен жылдары шенеуніктер Теплов және Жамбыл көшесіндегі ескі үйлерді бұзуды жоспарлаған болатын. Алайда, ол кезде инвестор табылмаған еді. Амалы таусылған адамдар күтуге мәжбүр. Қазір Гагарин көшесінің тұрғындары кем дегенде зақымдалған шатыр және терезені қалпына келтіріп беруді сұрайды.