Павлодарда «Шырша» рейдтік шарасы өтуде
Ол жаңа жылдық шырша саудасының заңдылығын бақылау мен қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесуге болмайтыны жайлы ескерту жасаауға бағытталған. Айта кету керек, бұл алдын алу акциясы желтоқсанның 31-не дейін созылмақ деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Константиннің шырша сатқанына бірнеше жыл. Айтуынша қылқан жапырақтыларды Ресейден әкеледі. Оларды сату үшін барлық рұқсат құжаттары бар. Ол жасыл сұлуды жай ғана өткізе салмай, сатып алушыға ол ұзақ тұруы үшін барлық қажеттті кеңесті беретінін айтады.
- Баға әртүрлі. Жеті мың теңгеден 30 мыңға дейін. Шырша сатып алғанда жапырақтардың қатарына мән беру керек. Тым ұзынын да алған дұрыс емес. Қандай да бір ыдысқа суға салсаңыз үйде марганцовка немесе қант салуға болады. Бәсекелестік жоғары болғандықтан әр адамның көңілін тауып сатуға тырысамыз, - дейді саудагер Константин Бородихин.
Ал полицейлер жүргізетін рейдтің басты мақсаты – заң бұзушылықтардың алдын алу мен саудагерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Жасыл сұлуларды сату үшін рұқсат құжаты міндетті түрде болуы керек сонымен қатар олар тек қалалық әкімдік анықтаған белгілі орындарда сату қажет.
- Бүгінгі таңда кәсіпкерлік бөлімі шырша сату үшін 18 сауда нүктесін белгіледі. Басқа орындарда орналасқан нүктелерді біз рейд барысында тексеретін боламыз. Саудагерлерде басқа елден әкелгені туралы құжат, барлық талондар, санитарлық кітапша сонымен қатар кәсіпкерлік бөлімінен алған рұқсат құжаты болуы тиіс. Онда қанша шырша және қай сауда нүктесінде сататыны туралы жазылады, - дейді Павлодар облысы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы табиғат қорғау полициясының инспекторы Дәурен Кабышев.
Сауда нүктелерінен бөлек орман массивтері мен ауылдық елдімекендерде де рейд жүргізіледі. Рейдтің басты мақсаты - аймақтың орман қорын браконьерліктен сақтау. Айта кету керек, қылқан жапырақтыларды заңсыз кесу үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Бибінұр Хамитқызы
