Павлодарда «Жігер» орталығы негізінде инклюзивті білім беру бөлімшесі ашылды
Павлодар қаласында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған жаңа мүмкіндік пайда болды деп хабарлайды irbistv.kz.
Бұл Павлодардағы "Жігер" клубына қарасты "Сәлем " бөлімшесі. Мұнда психикалық дамудың тежелуі, аутизм, церебралды сал ауруы, аутизм спектрінің бұзылысы, алалия, сөйлеудің тежелуі және интеллектуалдық дамудың бұзылысы бар балалар келеді. Әр балаға барынша жіті көңіл бөлініп көмек көрсетіледі.
- Менің сабағымда тек логопедиямен жұмыс істемейміз, біз қағазбен де жұмыс істейміз. Қол моторикасын дамытамыз. 10-15 минут қағазбен жұмыс істейміз, оның алдында 0-15 минут тілмен жұмыс істейміз, - дейді "Жігер" шығармашылығы орталығына қарасты "Сәлем" бөлімшесінің ұстазы Динара Бағжанова.
Орталықта логопедия сабақтары, қимыл-қозғалыс және каратэ элементтері бар дене шынықтыру, сондай-ақ сенсорлық интеграция, «Өмір мектебі» және креативті шығармашылық студиясы жұмыс істейді. Мұнда әр бала өзін қауіпсіз әрі еркін сезініп, өз қабілетін ашуға мүмкіндік алады. Ең бастысы – барлық сабақтар мен қызметтер тегін көрсетіледі.
-Менің ұлым бұрын тұйық болатын. Ал бұл орталыққа келгеннен кейін мінезі ашылып, өзіне сенімді бола бастады. Мамандар баламен ерекше ықыласпен жұмыс істейді.
Ең қуантатыны – мұның бәрі тегін. Осындай орталықтың ашылғанына шын жүректен ризамыз, - дейді Рустам Қайыржанов.
Бөлімшенің негізгі мақсаты — балалардың мінез-құлқын реттеу, нұсқауларды орындау қабілетін дамыту және сөйлесуді түсіну дағдыларын қалыптастыру.
Жаңа орталық ашылғанына небәрі бір ай болса да, бүгінгі күні алпыс бала тұрақты түрде келіп жүр. Айта кетейін, "Сәлем" орталығы Естай көшесі 56/1 мекенжайында орналасқан. Инклюзивті білім беру бөлімшесінің есігі барлықбалалар үшін ашық.
Бекбол Мырзахан
