• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодарда қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері күні атап өтілді

Павлодарда қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері күні атап өтілді

Салтанатты шараға елуге жуық қызметкер қатысты. Оларды алғыс хаттармен және төсбелгілермен марапаттады деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Салтанатты шарада Павлодар облыстық ҚАЖ департаментінің басшысы құттықтау сөзін жеткізді. Ол жеке құрам мен ардагерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, қылмыстық-атқару жүйесіндегі жұмыс жоғары жауапкершілік пен кәсібилілікті талап ететінін айтты. Мереке кезінде департамент және ведомстваға қарасты мекеме қызметкерлері мен ардагерлерге төсбелгілер мен арнайы лауазымдар табыс етті.

 

- Біздің қызмет бізден кәсібилілікті, психологиялық тұрақтылық пен шыдамдылықты қажет етеді. Арнайы контингент арасында күзетті нығайтып, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға өз үлесімізді қосудамыз. Сотталушыларды әлеуметтендіріп, түзу жолға түсіріп, бостандыққа шыққан соң қайта қылмыс жасамай, толыққанды қоғам мүшесі болуы үшін барымызды салудамыз,- деді Павлодар облысы ҚАЖД №47 мекемесінің қызметкері Аманжол Байкаримов.

 

Айта кету керек, биыл ІІМ Павлодар облысының ҚАЖД-не алғаш рет 40 автокөлік тарту еткен. Сонымен қатар қиын сала қызметкерлері үшін тұрғын үйді жалдауға төлем мен жалақыға үстеме қосу мәселесі шешілуде. Ал ҚАЖ саласының қызметкерлері қоғамдағы тұрақтылық мен қауіпсіздікті қаматамасыз етуге әрдайым дайын екендерін айтты.

 

Бибінұр Хамитқызы