Павлодарда №46 түзету мекемесінен оннан астам адам бостандыққа шықты
Олардың әрқайсысы ұсақ қылмысы үшін жазаланған. Конституцияның 30 жылдығына орай амнистия туралы заңға Мемлекет басшысы қол қойған еді. Ол абақтыда отыру мерзімін қысқартуды қарастырады деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Павлодарлық Вячеслав Щелоков абақтыда бес айын өткізген. Айтуынша мұнда алғаш рет тап болған. Жұмыссыз жүріп, дүкендерде ұрлық жасағаны үшін полицияның қолына түсіп, кейін бас бостандығынан айрылған. Сосын түрмеге түскен. Бүгін оны рақымшылық бойынша босатты.
- Ұрлық жасап осында түстім. Бұл да аурудың бір түрі ғой. Ал мында отырғанда көп нәрсе туралы ойланасың. Әрине одан да жұмыс істеп, тыныш өмір сүрген жақсы,-деді Вячеслав Щелоков.
Қазір соттар сотталушылардың рақымшылыққа ілінуін жаппай қарастыруда. Көшпелі отырыстар өткізеді. Егер сотталушы мекемеде жақсы мінезімен ерекшеленбесе, тәртіп бұзса рақымшылыққа ілінбеуі мүмкін.
- Мекемеде 700-ден астам сотталушы бар. Олардың 200-ден астамы Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылыққа ілініп толық бостандыққа шығуға немесе мерзімін қысқартуға үміттене алады,-дейді №46 мекеменің басшысы Марат Галиев.
Павлодар облысында мыңнан астам адам рақымшылыққа іліне алады, оның 256-сы толық бостандыққа шығуы мүмкін. Тек сыбайлас жемқорлық, терроризм, адам зорлау секілді ауыр қылмыс жасағандар амнистияға іліне алмайды.
