Павлодарда 1317 көпқабатты үйге жылу берілді
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, үйлерді жылу жүйесіне кезең-кезеңімен қосу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр деп хабарлайды irbistv.kz. Еске салайық, баспаналар үшін жылыту маусымы ресми түрде 28 қыркүйекте басталды. Ал әлеуметтік нысандарға жылу беру 14 қыркүйектен басталған болатын.
Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, мектептер, ауруханалар мен балабақшалар жылу жүйесіне 100 пайыз қосылған. Жеке секторда да жағдай осындай. Ал көпқабатты үйлер бойынша көрсеткіш әзірге өзгеше. Мұнда жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Дегенмен мәселелі баспаналар көп емес.
-Көпқабатты тұрғын үйлерді жылу жүйесіне қосу бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бүгінгі таңда 1342 көпқабатты үйдің 1317-сі жылуға қосылды, - деп хабарлайды Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Мақпал Қаржаубай.
Әкімдіктегілер көпқабатты үйлердің басым бөлігіне жылу берілгенімен, жүйені реттеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатқанын атап өтті. Пәтерлерде қандай да бір мәселе туындаған жағдайда тұрғындар қызмет көрсетуші ұйымға, мүлік иелері бірлестігіне немесе тұрғын үй инспекциясы бөліміне хабарласа алады.
