Павлодарда 235 көпқабатты тұрғын үй әлі күнге дейін ыстық сусыз отыр
Галина Констаниновна Академик Сәтбаев көшесіндегі №247 үйде 4 жыл көлемінде тұрып келеді. Сәйкесінше, ыстық суға қатысты жағдай жылдан-жылға ушығып барады дейді. Зейнеткер тиісті мекемелерге хабарласқанымен жөнді жауап ала алмаған.
- Ыстық суды 5-ші тамызда қосамыз деген, енді сұрасақ тамыздың аяғында қосамыз деп жауап қайтарды, кейін мерзімнің осы айдың 5-не дейін шегерілгенін айтып тағы уәде берді, бүгін 12-ші қыркүйек, ыстық су әлі жоқ. Хабарлассақ білмейтіндерін айтып тұтқаны қоя салды. Не істерімізді, қайдан сұрайтынымызды біз де білмей қалдық,-деді Академик Сәтбаев көшесіндегі №247,-үйдің тұрғыны Галина Толмачева.
Амалы таусылған павлодарлық редакциямызға жүгінген. Бұл ретте, энергетикалық компания өкілдері мәселеге қатысты жауап қайтарды.
-Гидравликалық сынақ нәтижесінде Академик Сәтбаев көшесіндегі №247 үйде орамішілік және магистральдық жылу желілерінде ақау анықталды. Соған байланысты әзірге қайнақ су берілген жоқ. Мердігер ұйым олқылықты ретке келтіруде,-деді энергетикалық компанияның қоғаммен байланыс бөлімінің жетекші маманы Роман Гончаренко.
Өкілетті ұйым орамішілік аумақтағы ақауды 13 қыркүйекке дейін реттейтінін, кейіннен коммуналшылар магистрал торабын жөндейтінін хабарлады. Осы ретте, қала көлеміндегі 1277 көпқабаттының 235-і ыстық сусыз қалып отыр. Әсіресе, шаһардың оңтүстік аумағында жағдай мәз емес. Алпауыт өкілдері қызмет көрсетуші ұйымдардың салғырт дайындығынан 5 үй жылыту маусымына дейін ыстық сусыз қалатынын айтты, ал өзге мекенжайларда жөндеу аяқталғанға дейін қайнақ болмайды. Нақты мерзім белгісіз.