Павлодарда 54 мың шаршы метр кеспе тасты ауыстыру жоспарлануда
Павлодар көшелеріне жаппай кеспе тас төсеу жұмыстары 10 жыл бұрын басталды. Ол кезде қаламызда Қазақстан және Ресей арасындағы ынтымақтастық форумы өткен болатын. 2022-ші жылы әкімдік ауқымды кеспе тас жаңартуды жоспарлауда. Оған шамамен 440 миллион теңге жұмсалады.
- Жұмыстарды қаланың 19 жер телімінде өткізуді жоспарлаймыз. Бұл сапаржай аумағы, сондай-ақ, Мәшһүр Жүсіп, Қайырбаев, Астана, Торайғыров, Геринг, Аймаутов, Роза Люксембург, Бекмаханов, Краснодонская, Теплов, Гагарин, Нұркин және Ледовской көшелері, - деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.
Сондай-ақ, тізімде Естай атындағы қалалық мәдениет сарайы және «Астана» мұз айдыны бар. Жоспар бойынша кеспе тас жалпы 54 мың шаршы метр аумағында жаңартылады. Бүгінде конкурстық шаралар жалғасуда. Олар сәтті аяқталған жағдайда жұмыстар 2022-ші жылдың мамыр – қазан айлары аралығында жүргізіледі.
Автор: Айтмұхамбет Айғожа.