Павлодарда 800-ден астам жаңа шам орнатылады

Қала әкімдігінің мәліметінше, жаңа шамдарды орнату жұмыстары жыл бойы жүргізіліп келеді. Қазір жұмыстар аяқталуға жақын. 2026 жылға барлығы 831 жарықтандыру тірегін орнату жоспарланған. Жаяу жүргіншілер аймақтарын жарықтандыру жұмыстары Айманов, Торайғыров, Майра, Малайсары батыр, Сәтбаев және Назарбаев көшелерінде жүргізілуде.

-Жоба аясында құрылыс-монтаж жұмыстарының кешені жүргізілуде. Оның ішінде траншеял қазу, электрмен жабдықтау кабельдерін төсеу, іргетастарды орнату, сыртқы жарықтандыру бағаналарын тұрғызу және жарықдиодты шамдарды монтаждау жұмыстары бар. Қазіргі уақытта орнатылған шамдарды электр желілеріне қосу қажетті құрылыс-монтаж және электрмонтаж жұмыстарының аяқталуына қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда, - деп хабарлады Павлодар қаласы баспасөз қызметінің басшысы Мақпал Қаржаубай.

Жаңа шамдар заманауи, энергия үнемдейтін жарықдиодты шамдармен жабдықталған. Сонымен қатар, олар қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға да үлес қосады. Қазіргі уақытта 450 жарықтандыру бағанасы орнатылған.