• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодарда абаттандыру бөлшектерін уақытында қалпына келтірмеген алпауыттарға 9 миллион теңгеден аса айыппұл салынды

Павлодарда абаттандыру бөлшектерін уақытында қалпына келтірмеген алпауыттарға 9 миллион теңгеден аса айыппұл салынды

Биыл жер қазу жұмыстарын орындау үшін ТҮКШ бөлімі тарапынан 1122 рұқсат қағазы берілді. Жылыту маусымы басталғанда Павлодарда 160 жер теліміндегі шұңқырлар уақытында жабылмады. Кейін оларға қарашаның 15-іне дейін уақыт беріліп, 122 телімде жұмыстар аяқталды. Қалған 34 шұңқырды ауа райының қолайсыздығына байланысты жабуға үлгермеді.

- Бүгінде жаңа желілердегі жаңа ақаулардың пайда болуына байланысты қалпына келтірілмеген телімдердің саны 51-ді құрайды. Олардың 39-ы жылу желілеріне тиесілі болса, 12-сі «Водоканалға» қатысты. Олар қыс мезгілінде үлгермей қалған жер телімді өз теңгеріміне алып, жолдағы шұңқырларды кем болғанда құммен жабулары қажет. Кейін көктемде барлық жұмыстарды аяқтауға міндетті, - дейді Павлодар қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Темір Қасқабаев.

Бұдан бөлек, қазба жұмыстарынан кейін абаттандыруды уақытында қалпына келтірмеген тұлғалар жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдың жалпы соммасы 9 миллион 256 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, ешқандай рұқсат қағазсыз қазба жұмыстарын орындаған 34 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

 

Авторы: Айтмұхамбет Айғожа