Павлодарда адам өліміне кінәлі жазасыз қалды

Естеріңізге сала кетсек, қайғылы оқиға қыркүйек айында орын алған еді. Еңбек инспекциясы жүргізген тергеу нәтижесі бойынша жұмыс берушінің кінәсі толық дәлелденді. Алайда ешкім жазаланбады дейді марқұмның туысқандары. Әйелінің айтуынша Ерлан Тыныбаевтың кірпіш зауытында слесарь болып жұмыс істегеніне бір жыл ғана болған. Өткен жылдың қыркүйек айында ауысымға кеткен күйеуінің жұмыста көз жұмғанын естіген.

 

- Жолдасыма сол күні жұмыскерлердің бірі жабдыққа тұрып қалған кірпіш қалдығын алып тасташы деп жұмсаған. Сол кезде станок қозғалып кеткен. Денесі сол кезде қысылып қалған. Ал жанында дәл сол сәтте ешкім болмаған, - дейді марқұм Ерлан Тыныбаевтың жұбайы Алмагүл Тыныбаева.

 

Тергеу кезінде еңбек инспекциясы жұмыс берушінің кінәсін 100 пайыз дәлелдеген. Алмагүл Тыныбаеваның айтуынша тым болмаса осы алты ай ішінде біреу жазасын тартады деген үмітте болған. Алайда іс жабылды. Ол туралы туыстары да хабарсыз болған.

 

- Бұл ретте «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық туралы» заңын қолдану үшін туыстарының келісімі қажет емес. 2021 жылдың қыркүйегінде Павлодар қаласының оңтүстік полиция бөлімі ҚР ҚК 156-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Ол төрт айға созылды, себебі ЖШС басшысы өндірісте орын алған жазатайым жағдайды арнайы тергеу актісі шешіміне шағымданды. Олар комиссия шешімімен келіспеді, - деп мәлімдеді Павлодар облысы ПД баспасөз қызметінің басшысы Жанна Белялова.

 

Марқұмның отбасысы әлі де жоғары инстанцияларға шағымданбақшы. Қылмыстық істі қайта қозғауға қол жеткізгісі келеді.

 

Авторы:Бибінұр Хамитқызы