Павлодарда ашық жатқан люктер саны артқан
Ломов, 155 мекенжайының тұрғындары ауладағы шұңқырды бейнеге түсіруде. Адамдардың айтуынша, кәріз жүйесінің құдығы опырылып, асфальтта жыралар пайда болған. Семенченко көшесінде мектептің қасындағы люктің қақпағы мүлдем жоқ. Суға толы шұңқырға балалар түсіп қалуы мүмкін. Қала әкімдігінде ашық тұрған құдықтар бақылауға алынғаны туралы мәлімдеді. Алдағы уақытта олардың қожайыны анықталып, люктер жабылады.
- Семенченко көшесіндегі құдықтың қожайыны іздестірілуде. Онда суармалы жұмыстарға арналған желі орналасқан. Ал Ломовта су желісіндегі құбырда апат орын алды. Қазір алпауыт мамандары олқылықты жоюға кірісті, - дейді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.
Ал қала жолдарындағы опырылған құдықтар бойынша апта сайын тексеріс жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде көбісі алпауытқа тиесілі. Сәйкесінше, коммуналшылар оларға олқылықты жоюға міндеттейді.
Авторы: Айтмұхамбет Айғожа.