Павлодарда аумағын қар мен мұздан тазаламаған бизнес өкілдеріне ескерту жасалды
Шенеуніктер бизнес нысандарын аралап, жиналмаған немесе сырғанақ сатылар және қар үйінділері үшін ескерту жасады. Келесі жолы рейд ұйымдастырып, айыппұл салынады деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Қар көптеп түсуіне байланысты кейбір дүкендер, дәріхана және басқа да мекемелерге кірер жол тұрғындар үшін қауіпті болуы мүмкін. Осыған байланысты қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары бизнес нысандарын аралап, 200-ге жуық ескерту қағаздарын таратты. Олар ғимараттан 5 метр аумақтың тазалығына жауапты. Хабарламаны елемеген жағдайда айыппұл қарастырылған.
- Абаттандыру қағидаларында көрсетілген талаптарды орындамаған үшін ҚР заңнамасына сәйкес, ҚБ кодекстың 505-ші бабына сәйкес айыппұл салынады. Жеке тұлғаларға 20 АЕК мөлшерінде, шағын кәсіпкерлік субъектілерге 30 АЕК мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектілері 40 АЕК мөлшерінде,-деді Павлодар қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Токмухамед Қабылтаев.
Рейдтік шаралар келесі аптада басталады. Мамандар дүкен не басқа да нысандардың сатылары тазаланбаған жағдайда 109 колл орталығына, тікелей бөлімге немесе әлеуметтік желіге жазуға кеңес берді. Соңғы аптада оларға бұл бағытта 10 өтініш келіп түскен.