Павлодарда ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнін атап өтті
Бүгін Мәдениет үйінің алаңы мен фойесінде көрме ұйымдастырылды. Мерекелік көрме ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жетістіктерімен және аграрлық салада қолданылатын заманауи техникалардың жаңа үлгілерімен танысуға мүмкіндік берді. Онда түрлі техника мен желдету жүйелерінен бастап, малға тағылатын биркаларға дейінгі ауыл шаруашылығы жабдықтарының үлгілері таныстырылды. Сонымен қатар біздің Павлодар облысы өңірінде өндірілетін барлық ауыл шаруашылығы тауарлары назарға ұсынылды. Мұнда нан, сүт, ет өнімдері, балық пен бал, көкөніс пен жарманың алуан түрі қойылды.
- Мен Успен ауданында бес жылдан бері бал өндірумен айналысамын. Балдың бірнеше түрін, түрлі жақпа майлар шығарамыз. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жақсы көмек көрсетеді. Кәсіпкерлер мен мемлекеттік органда арасындағы алтын көпір деуге болады. Қазір бизнесті бастауға қолдау көп. «Бір ауыл - бір өнім» жобасы аясында көптеген шаралар өтеді, - деді кәсіпкер Гауһар АРЫНГАЛИНА.
Кәсіби мерекелеріне орай ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері облыс әкімдігі мен салалық министрліктің наградаларына ие болды.
- Бүкіл ауыл шаруашылығы қызметкерлерін, ауыл тұрғындарын осы керемет меркемен құттықтаймын! Алдағы қойған мақсат-тілектер орындалсын. Мал жанымыз өсіп- өркендеп, егіндеріміз бітік шығып, арман-мақсаттарымыз орындалуына мен шын жүректен тілектеспін!, - деді «Болат» ШҚ басшысы Серік СҮЛЕЙМЕНОВ
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ауыл тұрғындарын құттықтай отырып, өңірде бес мыңнан астам шаруа қожалығы жұмыс істейтінін, оларда 60 мыңға жуық адам еңбек ететінін атап өтті. Егіс алқаптарын әртараптандырудың арқасында соңғы жылдары күнбағыс егілетін жер көлемі 2,5 есеге ұлғайған.
- Үш жыл қатарынан инвестиция тарту бойынша республикадағы үздік үш өңірдің қатарына еніп келеді. Сондай-ақ қарақұмық, тары, күнбағыс, картоп және сәбіз өндіруден елімізде алдыңғы қатарда. Биылғы жыл оңай болған жоқ. Ауа райының қолайсыз болғанына қарамастан егін жинау науқаны аброймен аяқталды. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында халықтың қамбасынан дән, дастанханынан нан үзілген емес, - деді Павлодар облысының әкімі Асайын БАЙХАНОВ.
Айтулы мереке Естай атындағы мәденит сарайының сахнасында Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның ауқымды концертімен жалғасты.
Бибінұр Хамитқызы

