Павлодарда азық-түлік бағалары реттелуде

Сатушылардың айтуынша елде орын алған жағдайға қарамастан сауда нүктелеріндегі азық-түлік жеткілікті.

- Қазір барлығы қалыпты. Ешқандай дүрбелең жоқ. Баға өсіп жатыр ол рас. Ешкім бақылап жатқан жоқ, - дейді сатушы.

- Бүгінгі таңда біз әкімшілік жауапкершілікке тарта аламыз. Мәселен қазір орамжапырақтың бағасы өскенін байқап отырмыз. Қазір кім бағаны көтергенін анықтаймыз. Өндірушілер ме, саудагерлер, әлде жеткізушілер ме дегендей. Бұдан соң шара қолданамыз, - дейді Павлодар қаласы кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі Әсел Кежалина.

Алғашқы қажеттілік тауарына жататын өнім түрлерінің сауда сөрелеріндегі бағасы 15% аспауы қажет. Бірінші рет ескертеді, ал егер қайталанса, шағын бизнеске 10 АЕК, орта 75 АЕК, ал ірі бизнеске 300 АЕК айыппұл салады. Сонымен қатар Павлодарлықтар сүт онімдерінің бағасының өскеніне де шағымдануда.

- 2021 жылы желтоқсан басында «Галицкое» ЖШС сүттің бағасын көтерген. Бұған дейін 150 теңгеден сатып, желтоқсанның басында 170 теңгеге көтерді. Сондықтан дүкендерде сүт өнімдеріне баға өсті, - дейді Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Макашев.

Енді бағалар сүт өнімдерінің нақты 4 түрі бойынша мемлекетпен реттеледі. Бұл 2,5 пайызды сүт, 2,5 пайызды айран, 5,9 пайызды ірімшік пен 72,5 пайызды сары май. Бұл басқа да өндірушілерге қатысты.