Павлодарда ағаш кесуге мораторий жариялау керек

Экологтердің айтуынша қаламыздағы тұрғындар санына байланысты жасыл желектер бір жарым есе көп болуы тиіс. Алайда норма орындалмаған. Бұл ретте Торайғыров – Мир көшелерінің қиылысындағы саябақтың орнына кезекті бизнес нысанының бой көтеруі туралы жаңалық наразылық тудырған. Мамандар онсыз да жасыл қордың қартаю мәселесі бар деп дабыл қағуда. 

 

- Оның орнын толтырып, ағаш отырғызуға қала аумағы мүмкіндік бермейді. Осы уақытта біз тағы бір саябақтың орнына кафе немесе басқа да құрылыс нысаны салынатынын естіп, тұрғындар қатты наразы болды. Көптеген адамдар бізге қол жинау үшін өтініш білдірді, - дейді эколог Светлана Могилюк.

 

Аталған құрылысқа қатысты тыңдалым маусымның 30-на жоспарланған. Ал бұған дейін экологтер ағаштарды сақтап қалу үшін қол жинауды бастаған. Айтуларынша өтемақылық көшеттерге де көңілдері толмайды. Мысалы «Денсаулық» саябағында осыдан бірнеше жыл бұрын ғимарат салу үшін 50 шақты тамыры кеңінен жайылған ағашты кескен болатын. Орнына жауаптылар Усолка мөлтек ауданында 500 түп шырша саламыз деп уәде берген. Алайда экологтер оның тек 70 пайызы отырғызылып, 180-і жерсінген дейді. 

 

- Бұдан бөлек біз кәріздік каналдың қазіргі жағдайын көріп отырмыз. Онда тоғай болатын. Бәрін қоршаймыз, керемет болады деп айтқан. Фейсбукке фотосын салдық. Солып қалған қарағайлар тұр. Суару жүйесі жұмыс істемейді. Гүлзарлар да кеуіп қалған. Бізге берген уәделерін орындамады, - деді Светлана Могилюк.

 

Экологтер бұл жолы да берілген уәде орындалмайтынына сенімді. Сондықтан қаланың жасыл қорына бей-жай қарамайтындарды қол қоюға шақырады. Айта кететіні, заңнамаға сәйкес кесілген бір ағаштың орнына 5 есе көп көшет отырғызылуы тиіс.