Павлодарда биыл рұқсат етілмеген жерлерде сауда-саттық жүргізу бойынша 250-ден астам факт тіркелген
Көше бойын базарға айналдыру жазғы кезеңде белең алғандықтан шенеуніктер полициямен бірге жүйелі түрде рейд өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Химқалашығы бағытындағы Торайғыров көшесінің бойында кешкі мезетте халықтың қарасы қалың. Біреу қоғамдық көлік күтсе, өзгелері сауданы жүргізуге асық. Бірақ, бұл жерде кәсіп жасауға тиым салынады. Біреу балмұздақ пен ыстық жүгері өткізсе, өзгелері бүкіл көшеге шатыр жайып тұрып көкөніс пен жеміс сатылымын жүзеге асыруда. Бірақ, ешқайсысында сәйкес рұқсаттары жоқ. Стихиялық саудаға қарсы рейд барысында анықталған бұзушылық бойынша хаттама толтырылып, ескерту жасалды.
- Бірінші рет ескерту болады. Екінші рет айыппұл салынады. Бірінші жарты жыл ішінде 252 әкімшілік хаттама толтырылды. Кәсіпкерлермен түсіндірме жұмыс жүргіземіз,-деп жеткізді Павлодар қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Тоқмұхамед Қабылтаев.
Ескертуде нұсқалған бірнеше күн ішінде, жосықсыз кәсіпкерлер сауда нүктесін жоюға мендетті, болмаған жағдайда қомақты айыппұл арқалайды. Дей тұра, саяжай өнімдерін сатушы әжейлерге үзілді-кесілді тиым салынатын талап жоқ. Павлодар қаласы бойынша бұндай кәсіп үшін 27 арнайы сауда нүктелері белгіленген. Әркім өз үйіне жақын жерді таңдай алады. Стихиялық сатылымды тоқтату үшін жаңа павильондар құрылысы да жалғасуда. Бизнесін заңды түрде жүргізу үшін азаматтар Кривенко 25 мекенжайы бойынша кәсіпкерлік бөліміне жүгіне алады.