Павлодарда биыл жеке секторға тиесілі жолдың 20 шақырымы жаңартылмақ
Кубанская көшесінде бұрын асфальт ешқашан болмаған. Жергілікті тұрғындар жыл сайын көктемгі батпаққа шағым түсіріпті. Бүгінде мердігердің техникасы келіп, жаңа жолдың құрылысы аяқталғаннан кейін мәселе шешімін табады. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Айтуларынша, жаңа жол салынғаннан кейін абаттандыру жұмыстары жалғасады. Көліктер жылдамдықтарын асырмау үшін жасанды бөгеттер қоюды сұрайды.
- Өткен жылдан бері жеке сектордағы жолдарды жаңарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Биыл Южный, Затон, Усолка, екінші Павлодар және Жанауылда жаңа асфальт пайда болады. Жалпы 20 шақырымды ретке келтіреміз, - деді Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімінің бас маманы Арсен Жұмабеков.
Биыл жұмыстардың жөндеуіне 700 миллион теңге бөлінді. Қаражаттың кейбір бөлігі орталық және екінші деңгейдегі көшелердегі шұңқырларды жабуға жұмсайды. Қалғаны жеке секторға бағытталады.

