Павлодарда демалыс күндері 143 саяжай телімі жанып кетті

Александр Гавриннің мұнда екі саяжай үйі бар. Әйелі екеуі көктемнен қара күзге дейін тер төгеді. Айтуынша демалыста орын алған өрт барлық еңбегін еш ете жаздаған. Бақша қоршаулары жанып кеткен, айтуынша көршілердің көмегімен аумақты жалыннан әрең аман алып қалған.

 

- Мен кезекші бөлімге хабарластым, маған бізде бір ғана машина деп жауап берді. Бір сағат олар келгенше жел көтеріліп тағы бірнеше үй жанып кетті. Өрт сөндірушілер келгенше мен күзетшімен, көршіммен жиналған сумен сөндіріп өз аумағымызды аман алып қалдық. Құтқарушылар жеткенше өрт тез тарап кетті, - деді зейнеткер Александр Гаврин.  

 

Өрт сөндірушілердің айтуынша тұтанған саяжай үйлерінің көбісі иесіз. Негізгі себеп отты абайсыз пайдалану дейді. Адамдар құрғақ шөпті жинап, қоқысты өртеу кезінде қауіпсіздікке мән бермейді. ТЖД бағбаншылықтардағы өртті сөндіру оңай еместігін жеткізді. Дегенмен де «Северный» және «Березка» бағбаншылықтарындағы үйлерді сөндіруге 34 адам мен 9 техника бірлігі жұмылдырылған.

 

- Бағбаншылықтар өрт гидранттары бар орталық сумен жабдықталмаған. Ал бақша суаратын су құбыры әлі іске қосылмаған. Сол себепті өрт машиналарына суды қалада құю керек. Ал жайылмадағы өртке техника өте алмағандықтан, сөндірушілерге суды қолмен тасуға тура келеді. Ал техника аз болды дегендерге айтарым өрт болған күндері барлық гарнизонның 90 пайызы жұмылдырылды, - деп атап өтті Павлодар облысы ТЖД басшысының орынбасарыАлексей Двинянин.

 

Құтқарушылар өртке қауіпті кезең кезінде адамдар да сақтық танытуға міндетті екендігін еске салды. Бұған дейін ТЖД өкілдері саяжайларда өткізген рейд нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережесін бұза отырып, қоқыс жаққан 12 тұлғаға әкімшілік жаза тағайындалған.