Павлодарда дүңгіршектерді жаппай бөлшектеу шаралары өтуде
Таң ата қаланың шетінде орналасқан мына дүкеншеге тұрақты клиенттері келе бастайды. Терезені қанша қақса да, бүгін сауда нүктесі жұмыс істемейді. Полиция меншік иесін дүңгіршекті күтпеген жерден босату жөнінде хабарлады. Конструкцияның өзі заңсыз тұрғаны былай тұрсын, ішінде жайбарақат ішімдік саудалануда. Алдында 20 АЕК көлемінде салынған айыппұл да еш сабақ болмаған.
- Осында алкоголь сатады. Заңсыз сатады. Ешқандай лицензиялары жоқ сатуға. Қалалық әкімшілікпен бірігіп, техниканы жалдап, шығарту жұмыстарын жүргіземіз, - деді Павлодар қаласы жергілікті полиция қызметінің басшысы Арман Қаптаев.
Дүңгіршек иелерінің көбісі жер телімін ресми заңдастырмай, конструкцияның сыртқы келбетін жөнге келтірмей, қала көркін бұзады. Бұл ретте, оларды жоймас бұрын, ескертулерді түзетуге 1 ай уақыт беріледі екен.
- 17 дүңгіршек иесіне ескерту жібердік, оның 6-уы қаланың көркемдік талаптарына сай емес. Үшеуі бөлшектелді. Мына дүкенше иесіне де ескерту жасалған еді. Бірақ олқылық жойылмағандықтан конструкцияны бұл жерден күштеп жоюға тура келеді, - деді Павлодар қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Қайыргелді Бексейітов.
Осылайша, заңсыз дүкенше сырты техника көмегімен бұзылып, кейін негізгі конструкция айып тұрағына шығарылады. Жыл басынан бері 3 дүңгіршек жойылған екен. Рейд жұмыстары әлі де жалғасын табады.

