Павлодарда ерекше жол сызбалары пайда болды

Павлодардың жолдары қалпына келтірілгеннен кейін коммуналшылар асфальқа белгілер сала бастады. Орталық көшелерде жаяулар жолақтары мен екі жолды бөліп тұратын сызықтар ағартылуда.

 

- Назарбаев, Қамзин, Торайғыров көшелерін толық бітірдік. Қазір енді бүгінгі таңда орталық көшелерді бастап жатырмыз. Ол Сәтпаев, Астана, Кривенко және Қайырбаев көшелері. Жалпы жұмыс басталды. Қазір бірінші мынау 15-ші маусымға дейін жоспар бойынша қаланы толықтай бітіру керекпіз. Содан кейін қыркүйектің алдында оқу орындарының алдында жаяулар белгілерін қайтадан жаңартамыз, - деді Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Әлібек Оразалин.

 

Айта кетсек, биыл қаладағы жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында сынақ түрінде сары түсті белгілер пайда болды. Ал Сәтпаев-Лермонтов қиылысындағы торлы «вафля» тәрізді жолақтар бұрылыс барысында көліктердің кептілісін болдырмау мақсатында жасалған. Яғни темір тұлпарлар легі артқан жағдайда осы жолаққа шыққан автомобильдер жол жүру ережесін бұзған болып саналады. Белгілерді орнату жұмыстары полиция департаментімен бекітілген. Осы мақсатқа биыл қалалық бюджеттен 69 миллион теңге бөлінді. Жұмыстар маусымның 15-іне дейін жалғасады.