Павлодарда еріген қар суын жер кепкенше сорып шығарады

Осыған байланысты Павлодарда еріген қардың суы жиналған көше қиылыстары жеткілікті. Коммуналшылар күшейтілген жұмыс тәртібінде жұмыс істегенімен, адамдар үшін кейбір жолдардан құрғақ аяқ киіммен өту үлкен мәселе.

 

Академик Шөкин – Қамзин көшелерінің қиылысын жылда көктемде су басады. Мәселені шешу үшін дренажды жүйе қажет. Әзірге ассенизатор көліктері жұмыстарын тоқтатпауда. Бұған қарамастан жиналған суды уақытында сорып шығаруға үлгермеуде. Ал бұл Мәшһүр Жүсіп көшесі. Аталмыш телімді көлік жүргізушілері айналып өтуге тырысады.

 

-Қазіргі уақытта қаламызда еріген қардың суын сорып шығару жұмыстары жалғасуда. Оларды «Коммунсервис» ұйымы орындауда. Павлодарда арнайы ассенизатор көліктерінің 7 бірлігі жұмыс істеуде. Бүгін Қамзин, Шөкин, Каз.Правда, Лесная, Сәтпаев, Гагарин көшелерінен су шығарылуда,- дейді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.

 

Соңғы тәулікте Павлодарда 1700 текше метр су сорып шығарылды. Аталмыш жұмыстар көшелер толықтай тазартылғанға дейін жалғасады.

 

Авторы:Айтмұхамбет Айғожа