Павлодарда кенелер белсенділік танытуда

Сәуір-мамыр айлары кенелердің ең белсенді кезі. Әсіресе саябақта, шөпті жерлерде ерекше абай болған жөн. Облыстық балалар ауруханасына күніне кене шаққан 5-6 бала келеді екен.

 

- Көбінесе бастың шашты бөлігі, құлақтың арты, жауырын ортасы, аяқ, сан, шап тұстарына жабысуға бейім. Анықтаған жағдайда бірден жарақат пунктіне бару керек. Оны өзіңіз алып шықпаған жөн. Себебі бізтұмсығы қалып қоюы мүмкін. Мұндай жағдайда шаққан жер іріңдеуі ықтимал, - деді Павлодар облыстық балалар ауруханасының травматолог-дәрігері Юлия Афонина.

 

 

Қансорғыштарды уақытында көрсең жолың болғаны. Біздің өңірдің кенелері шақса айтарлықтай асқынуға әкелмейді. Дегенмен де бірқатар жағымсыз әсерлер тудыруы әбден мүмкін.

 

- Кенелер энцефолит, боррелиоз секілді инфекциялық ауруларды таратушылар деп саналады. Алайда біз эндемикалық аймақта орналаспағанбыз. Яғни біз кенелерді зерттеуге жібермейміз. Біз кене шаққан баланы қадағалау кеңесін береміз, - деді Юлия Афонина.  

 

Дәрігерлер қансорғыш жәндікті өзіңіз алып шықсаңыз да, егер дене қызу көтеріліп, бас ауырып құсқыңыз келсе немесе қызыл бөртпелер пайда болса,  ауруханаға жүгінуге кеңес береді. Табиғат аясына немесе шөпті жерге шықсаңыз жабық әрі ашық түсті киім киген жөн.