Павлодарда кезекті рет су тарифі өзгерді
Тұрғындар сомманың қаншаға өскенін қазан айында келетін түбіртектерден біле алады. Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінде бұл шараның себебін және қолдану мерзімін түсіндірді деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Су құнын бір жылда екінші рет ауыстыруда. Алдымен сәуірдің бірі күні тіршілік нәрі қымбаттаған болатын. Ол кезде есептеудің сараланған тәсілі енгізілді. Төртінші санаттағылар тұтыну көлемі бойынша қаражатты төлейді. Адам басына айына үш текше, үштен беске, бестен онға дейін және он текше метр. Ал бірінші санаттағылар үшін қосымша құн салығын есептемегенде текшесіне 97 теңге бекіткен. Ал төртінші санаттағы су есепте құралы үшін 194 теңге төлеуге мәжбүр болады. Алайда, аталмыш сараланған есептеуді тоқтату шешімі қабылданды. Қыркүйек айынан бастап тұтынушылар үшін су тарифі өзгереді.
- Қыркүйек айынан бастап есептеу құралы бар немесе жоғына қарамастан, тұтынған көлемге байланысты текше метр үшін 97 теңге төлейтін болады. Жаңа жылдан бастап жаңа сараланған механизм қолданылады,-деді Павлодар облысы табиғи монополияларды реттеу Комитеті департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов.
Аталған өзгерістер жыл соңына дейін жарамды. Қаңтардың бірінен бастап басқа тариф енгізіледі. Тіршілік нәрінен бөлек, жылу және жарық үшін төленетін сомма өзгеріске ұшырайды. Алпауыт мамандары осындай өтінішті департаментке жолдаған. Мамандар құжаттарды зерттеуде. Бұл шара барысында қоғамдық тыңдаулар өтеді.
Фото: Freepik.com
