Павлодарда колоректалды хирургтер үшін шеберлік сабағы өтті
Шеберлік сабағы барысында мамандар колоректалды ауруларды емдеудің заманауи тәсілдерін көрсетті. Соның ішіндегі маңызды операциялардың бірі – лапароскопиялық сол жақ гемиколэктомия. Бұл әдіс хирургиялық араласуды үлкен тілік жасамай, бірнеше шағын тесік арқылы жүргізуге мүмкіндік береді.
Бұл шеберлік сабағы өңірде мамандандырылған медициналық көмекті дамыту бағытындағы жұмыстың жалғасы болды. Еске сала кетейік, маусым айында №3 қалалық ауруханада лазерлік және реконструктивті проктология орталығы ашылған болатын.
-Мастер класста жасалатын бізде 4 операция. Лапороскопиялық тоқішектің резекциясы, үш операция лазерлік операция тік ішекке байланысты аурулар, тікішек жыланкөзі, гемморойға байланысты үш операция жасалады. Және бұл операцияны лапороскопиялық жасайтын хирург ол Астанадан келеді. Ол колоректальды хирургтар ассоциациясының президенті және біздің больницамен осы ассоциация арасында меморандум жүзеге асырылады. Ол меморандумның негізгі мақсаты ол осы колопроктологиялық аураларды емдеуді тиімді жүргізу болып табылады, - деп хабарлады Павлодар қаласы №3 ауруханасының хирург-дәрігері Ерасыл Мырзаханов.
Кездесу аясында Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы, Қазақстандық колоректалды хирургтер қауымдастығы және медициналық мекеме арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар кәсіби байланысты нығайтып, озық технологияларды енгізу және науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті.

