Павлодарда көктайғақ салдарынан травмотология бөлімшесіне жүгінушілер көбейді
Мұздан тазарту жұмыстары басталып кетті, бірақ кейбір көшелерде жаяу жүріп өту мүлдем мүмкін емес дейді тұрғындар.
- Химқалашықта күртік қар мен көктайғақтан жүру мүмкін емес, - деп шағымданды павлодарлықтардың бірі.
Көктайғақ салдарын жою әдетте қаламыздың бетке ұстар көшелерінде қарқынды жүргізіліп, мөлтек аудандар ұмыт қалғандай көрінеді. Үйдің қасынан шығу тіпті қиын дейді павлодарлықтар, себебі аулаларда мұзды сындыру шаралары тіпті төмен деңгейде. Айтуларынша, құм шашу шаралары жоқ емес, бірақ белсенділік қажет.
Сырғанақ жаяу жолдар кесірінен қалалық травмотология бөлімшесіне жүгінушілердің саны артты. Демалыстың бір күнінде аяқ-қолдарын зақымдаған 15 науқас тіркелген. Біреуінде сүйек сынығы да бар.
- Төрт бригада арнайы көлiктер өте алмайтын жерлерге, жаяу жүргіншілер жолына құм себу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, жолдардың жиектерiн, аялдама павильондарын және жаяу жүргіншілер өткелдерiн тазалауға 200-ден астам адам жұмылдырылды, - деп хабарлады Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Жансерік Қапзолла.
Сонымен қатар, коммуналшылар қардан тазарту жұмыстарын жүргізуде. 50-ден астам арнайы техника жұмылдырылған көрінеді.
Авторы: Дархан Бекишев.