• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодарда көліктердің доңғалағын қысқысына ауыстыруға қатысты дүрбелең жоқ

Павлодарда көліктердің доңғалағын қысқысына ауыстыруға қатысты дүрбелең жоқ

Былтыр дәл осы уақытта доңғалақ ауыстыру бекеттерінде кезек көп болса, қазір тыныш. Өйткені 2025 жылы қазанның ортасында-ақ қыс түсіп, көктайғақтан жүргізушілер шеберханаларға жаппай ағылған еді. Биыл әзірге қарбалас жоқ, жүргізушілер біртіндеп келіп жатыр. Шеберлердің айтуынша, бұл — жұмысқа ең қолайлы кезең. Ал қар түскен бойда көліктер толассыз келіп, мамандарға түнге дейін тоқтаусыз жұмыс істеуге тура келеді. Тәжірибелі жүргізушілер доңғалақтарын ауыстыруды созбау керегін жақсы біледі. Алғашқы қар түссе болды, шеберханаларда кезек көбейеді. Сондықтан былтыр қыстың ерте түскенін ескергендер көлігін алдын ала қамдап қойған. Өйткені ең бастысы — жолдағы қауіпсіздік.

 

-Өз көлігімнің де, қызметтік көліктің де дөңгелегін ауыстырып қойдым. Жауын-шашын басталған соң, алдын ала сақтанғанды жөн көрдім. Қар түсетін сыңай байқалса, созбай ауыстырған абзал. Кейбіреулер дөңгелектің тікенектерін аяйды. Бірақ жаңа дөңгелек жолға бейімделуі керек. Үш-төрт шипі түсіп қалса да, оқасы жоқ. Апатқа ұшырағанша, қауіпсіздікті бірінші орынға қойған маңызды, - дейді көлік жүргізуші Александр Шкабарня.

 

Былтырғымен салыстырғанда доңғалақ ауыстыру бағасы шамамен мың теңгеге қымбаттаған. Қазір бұл қызметтің құны 8 мыңнан басталады. Мамандардың есебінше павлодарлық жүргізушілердің жартысынан астамы жазғы доғалағын ауыстырып үлгерген. Дегенмен қыстағы жол қауіпсіздігі тек жүргізушілерге ғана байланысты емес. Қаланың коммуналдық қызметі де алдағы қар мен көктайғаққа сақадай сай отыр.

 

- Қала көшелерін тазалауға шамамен 250 жұмысшы мен 300 арнайы техника тартылады. Жауын-шашын кезінде жолдарға құм себіліп, көшелер мен жаяулар жолы механикалық түрде қардан тазартылып, сыпырылады, - деп хабарлады Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Мақпал Қаржаубай.

Қала қысқы маусымға дайын. Енді ауа райы тосын мінез көрсетпей, жүргізушілер доңғалақтарын ауыстыруды алғашқы көктайғаққа дейін кешіктірмесе болғаны.

 

Роза Жомартқызы