• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодарда көпқабатты үйлерді жылыту маусымына дайындауда

Павлодарда көпқабатты үйлерді жылыту маусымына дайындауда

Мамандардың ақпараты бойынша бүгінде 360 баспана өздерінің желілерін жуып-шайып, дайындық актісін алған дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Қыстың қамын жаз ойла! Бүгінде Павлодардағы 1308 көпқабатты үйді жылыту маусымына дайындау жұмыстары қызу жүруде. Қызмет көрсетуші ұйымдар желілердің төзімділігін тексеріп, жылу құралдарын жаңартумен айналысуда. Қазіргі таңда бұл шараны 360 баспана орындапты.

 

-Сонымен қатар, қаламыздағы 35 үйде инженерлік желілердің күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұған 50 миллион теңге қарастырылды. Барлық қаражатты тұрғындар жинақы қордан алуда. Бұдан бөлек, 194 көпқабатты үйде басқару формасы жоқ. Бөлім тарапынан олармен әрдайым жиналыс ұйымдастырылып, басқару формасын таңдау ұсынылады,-деді Павлодар қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Бақытгүл Базылова.

 

Сонымен қатар, маңызды шараға немқұрайлы қарап жатқандар да бар екен. 398 үйді инспекция мамандары бақылауға алып, аталмыш жұмыстарды орындауға міндеттеуде. Қыс уақытына дейін Павлодардағы барлық көпқабаттылар жылыту маусымына дайын болуы қажет. Ол бойынша ақпарат тұрғын үй инспекциясының әлеуметтік желісінде жарияланады.